Алматы Бірыңғай қалалық телемедициналық Call-орталық - 8 727 300 505 Ұялы байланыс операторлары үшін бірыңғай нөмір - 1312

Орталықта шынайы клиникалық жағдайлар арнайы жабдықталған кабинетте қайта жасақталады. Оқыту ересектер мен нәрестелердегі ауыр халді үлгілеуге мүмкіндік беретін тренажерларда өтеді.
Мұндай тәсіл мамандарға қауіпсіз әрі бақылаудағы ортада әрекетті әбден машықтануға жағдай жасайды.

Мұнда базалық және кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясы, акушерлік қызметтегі шұғыл жағдайлар, босануды жүргізу, жаңа туған сәбилерді жандандыру, емізу техникасы, кесарь тілігі кезінде және босану жолдары жарақаттанғанда тігіс салу әдістері бойынша тренингтер өткізіледі. Сонымен қатар орта буын медицина қызметкерлерін даярлаудың заманауи тәсілдері енгізіліп, төтенше жағдайда командалық жұмыстың негізгі қағидаттары – міндеттерді нақты бөлу мен тиімді байланыс орнату машықтары пысықталады.

Оқыту жүйелі түрде жүргізіледі. Сабақты кафедра қызметкерлері мен бөлімше меңгерушілері өткізеді.

Ерекше назар орта буын медицина қызметкерлеріне аударылады. Симуляциялық оқыту аясында медбикелер инъекция салу, шеткері көктамырларға катетер қою және өзге де тәжірибелік дағдыларды бекітілген алгоритмдерге сай, пациенттерге еш қауіп төндірмей, бірнеше рет қайталап машықтанады.