Алматы Бірыңғай қалалық телемедициналық Call-орталық - 8 727 300 505 Ұялы байланыс операторлары үшін бірыңғай нөмір - 1312

Түрксіб ауданы бойынша СЭБД мамандары мен перзентхананың неонатолог дәрігерлері жүкті әйелдермен кездесу өткізіп, нәресте өмірінің алғашқы күнінен бастап профилактикалық екпе маңызы туралы жан-жақты түсіндірді.

Кездесу барысында өмірінің алғашқы тәулігінде жасалатын екпелерге – туберкулезге қарсы БЦЖ және В вирусты гепатитіне қарсы вакциналауға ерекше назар аударылды.

Туберкулез – ауа-тамшы жолы арқылы берілетін қауіпті жұқпалы ауру. Әсіресе жаңа туған нәресте мен ерте жастағы балаларда ауру ауыр түрде өтеді, әрі оның өкпенің зақымдануымен қатар орталық жүйке жүйесіне әсер ету қаупі жоғары.

Вирусты В гепатиті – бауырды зақымдайтын инфекция. Жұғу анадан балаға босану кезінде берілуі мүмкін. Нәрестеде бұл ауру көбіне айқын белгісіз өтеді, алайда көп жағдайда созылмалы түрге ауысып, кейін бауыр циррозы мен қатерлі ісікке әкелуі ықтимал.

Жаңа туған нәрестенің иммундық жүйесі әлі толық қалыптаспағандықтан, оның ағзасы инфекцияға өте сезімтал келеді. Осыған байланысты өмірінің алғашқы сағаты мен күндерінде жүргізілетін вакциналау баланың денсаулығын қорғауда шешуші рөл атқарады.

№4 перзентхана болашақ ата-аналардың ақпараттану деңгейін арттыру бағытындағы жұмыс жалғастырып, аурудың алдын алуға негізделген дәлелді медицина қағидаттарын қолдайды.