Балаларды қорғау халықаралық күні қарсаңында №4 перзентханада неонатолог дәрігерлер бір айға дейінгі сәбилері бар ата-аналарға консультативтік қабылдау өткізді.
Дәрігерлер жас аналармен жылы жүздесіп, жаңа туған нәрестелердің денсаулығы мен күтіміне қатысты маңызды сұрақтарға жауап берді. Мамандар емізу, физиологиялық сарғаю, салмақ қосу, кіндік жарасын күту, құсу (срыгивание), неонаталдық скрининг нәтижелері, сондай-ақ перзентханадан шыққаннан кейін сәбиді бақылау ерекшеліктері жөнінде жан-жақты кеңес берді.
Сонымен қатар, аналарға тамақтандыру режимі, жаңа туған нәрестелерде жиі кездесетін жағдайлардың алдын алу және дер кезінде медициналық көмекке жүгіну бойынша ұсыныстар айтылды.
Мұндай кездесулер жас ата-аналар үшін ерекше маңызды. Олар жаңа міндеттерге сабырмен бейімделуге, мазалаған сұрақтарға дер кезінде жауап алуға және сәби өмірінің алғашқы апталарында мамандардың қолдауын сезінуге көмектеседі.





