Алматы Бірыңғай қалалық телемедициналық Call-орталық - 8 727 300 505 Ұялы байланыс операторлары үшін бірыңғай нөмір - 1312

Біздің керемет әріптесіміз, №4 Қалалық перзентхананың жүкті әйелдер патологиясы бөлімшесінің акушер-гинеколог дәрігері Иманкулова Айнұр Серікбайқызын «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» құрметті төсбелгісімен марапатталуымен шын жүректен құттықтаймыз!

Бұл жоғары марапат Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан табысталып, Айнұр Серікбайқызының көпжылдық адал еңбегінің, жоғары кәсіби біліктілігінің және өз ісіне деген шынайылығының лайықты бағасы болып саналады.

Айнұр Серікбайқызы акушерлік және гинекология саласына 27 жылын арнаса, оның 10 жылдан астам уақытын сүйікті №4 Қалалық перзентханада еңбек етуге жұмсаған. Ол жоғары біліктілік санатына ие маман. Күн сайын пациенттеріне қамқорлық пен сенімділік сыйлап келеді.

Айнұр Серікбайқызы әйелдердің репродуктивті денсаулығына қатысты ауруларды анықтау және емдеу жұмыстарын аса жауапкершілікпен жүргізіп, жүктілікті бақылап, жаңа өмірдің дүниеге келуіне ықпал етеді, сондай-ақ маңызды профилактикалық шараларды жүзеге асырады. Оның мол тәжірибесі мен әрбір детальға мұқият көзқарасы әр пациенттің қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етеді.

Өз қызметінде ол заманауи әдістер мен технологияларды тиімді қолданып, медицина саласындағы соңғы жаңалықтарды үнемі қадағалап отырады.
Ең бастысы — Айнұр Серікбайқызы әрдайым науқастың көңілін тауып, жылы сөзін жаудырып, қолдау көрсетіп, оларға сенім мен тыныштық сыйлайтын жайлы орта қалыптастыра біледі.

Сонымен қатар, ол кәсіби конференцияларға белсене қатысып, біліктілігін үнемі арттырып, әріптестерімен тәжірибесін ашық бөліседі. Мұның барлығы — кәсіби деңгейін одан әрі жетілдіріп, адамдарға көбірек көмек көрсетуге деген ұмтылысының айғағы.

Айнұр Серікбайқызы, Сізге күнделікті еңбегіңіз, мейіріміңіз бен жанашырлығыңыз үшін шын жүректен алғыс білдіреміз!
Сізге зор денсаулық, сарқылмас күш-қуат, жаңа кәсіби жетістіктер тілейміз! Еңбекте де, өмірде де бақытты сәттеріңіз көп болсын!

Құттықтаймыз! Сіз бұл марапатқа әбден лайықсыз!