Алматы қаласында қала әкімінің орынбасары Нұрлан Абдрахим пен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимовтың қатысуымен жұмыс сапары өтті. Делегация бірқатар медициналық ұйымдарды аралап, көрсетілетін медициналық көмектің сапасымен және инфрақұрылымды жаңғырту жоспарларымен танысты.
Солардың ішінде Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының «№4 қалалық перзентханасы» маңызды медициналық ұйымдардың бірі болып саналады. Мұнда жүкті әйелдерге, босанушылар мен жаңа туған нәрестелерге акушерлік-гинекологиялық және неонаталдық көмек көрсетіледі. Перзентхананың сыйымдылығы – 125 төсек.
Мекеме «Балаға мейірімді аурухана» мәртебесіне ие және қауіпсіз ана болу мен дәлелді медицина қағидаттарын белсенді түрде енгізіп келеді. Әйелдерге табиғи және ота арқылы босану үшін, соның ішінде асқынған жүктілік пен егіз босану кезінде де барынша қолайлы жағдай жасалған.
Сонымен қатар, №4 перзентхана Алматыда дәрілік заттарды таңбалау және жеке есепке алу жүйесін енгізген алғашқы медициналық ұйым болды. Бұл жаңашылдық дәрілердің сапасын бақылауды күшейтіп, емдеу қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік берді.
2025 жылдың қыркүйек айында аталған перзентхана Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтаудағы сапа мен аккредитация институтының кешенді тәуелсіз бағалау нәтижесі бойынша бірінші санатқа ие болды.
Қазіргі уақытта мекемеде материалдық-техникалық базаны жаңарту, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру, жөндеу және жабдықтарды жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Ғимарат екі корпустан тұрады — бірі 1955, екіншісі 2020 жылы салынған.
Қала басшылығының сапары барысында перзентхананың инженерлік жүйелерін жөндеу және жаңарту перспективалары талқыланды.
Мұндай сапарлар – медицина саласындағы инфрақұрылымдық даму мен халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың көрінісі.