Жаздың аптап ыстығы жүкті әйелдердің жағдайын айтарлықтай қиындатуы мүмкін. Жоғары температура кезінде қалай күтіну керек, болашақ ана мен оның сәбиінің денсаулығын қалай қорғауға болады — бұл туралы Алматы қаласындағы №4 перзентхананың жүктілік патологиясы бөлімінің меңгерушісі, акушер-гинеколог Дмитрий Эзау айтып берді.
Неліктен аптап ыстық жүкті әйелдер үшін қауіпті?
«Жүктілік кезінде әйел ағзасына көп күш түседі, — дейді Дмитрий Эзау. — Қан айналымының көлемі көбейеді, жүрек соғысы жиілейді, дененің жылу реттеу жүйесі өзгереді. Аптап ыстық бұл процестерді күрделендіріп, ісіну, дененің қатты қызуы және сусыздану қаупін арттырады».
Қатты ыстық бас ауру, бас айналу, әлсіздік тудырып, жалпы жай-күйді нашарлатуы мүмкін, әсіресе артериялық гипертензиясы, анемиясы бар әйелдер мен жүктіліктің соңғы кезеңіндегі әйелдер үшін бұл аса маңызды.
Ыстық күндері жағдайды жеңілдететін әдістер:
1. Сұйықтықты жеткілікті мөлшерде ішіңіз
«Егер қарсы көрсетілімдер болмаса, күніне кемінде 1,5–2 литр су ішуді әдетке айналдырыңыз,», — деп кеңес береді дәрігер. Таза суға, шөп шайларына, қантсыз компоттарға басымдық берген жөн. Газды сусындар мен кофеден бас тартқан дұрыс.
2. Күннің астында ұзақ болмаңыз
«Сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін күннің көлеңкесінде немесе үйде болған жөн. Бұл уақытта күн сәулесі аса белсенді», — дейді Дмитрий Эзау. Серуендеуді таңертең немесе кешкі уақытқа жоспарлаған абзал.
3.Жеңіл киім киіңіз
Киім табиғи матадан, кең пішімді және ашық түсті болуы тиіс. Міндетті түрде — бас киім киіңіз.
4. Тамақтануға мән беріңіз
Ыстық күндері ауыр, майлы тағамдардан бас тартқан дұрыс. «Ас мәзірі жеңіл, бірақ нәрлі болуы қажет. Мысалы: көкөністер, жемістер, қышқыл сүт өнімдері, ақуызға бай тағамдар тұтыну маңызды», — дейді маман.
5. Ісінудің алдын алу
«Жүкті әйелдерде ыстықта аяқ-қолдың ісінуі жиілейді немесе күшейе түседі. Мүмкіндігінше көп тұрмауға, керісінше, аяқтарды жоғары көтеріп демалуға тырысыңыз. Егер ісіну қатты байқалса — міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз», — деп ескертеді Дмитрий Эзау.
6. Кондиционерді абайлап пайдаланыңыз
Температура айырмашылығы 5–7 градустан аспауы тиіс. «Кенет салқындау тұмауға немесе қан тамырларының тарылуына алып келуі мүмкін», — дейді дәрігер.
7. Өзіңіздің ішкі сезімдеріңізді тыңдаңыз
Егер әлсіздік, бас айналу, жүрек айнуы немесе жүрек қағысының жиілеуі байқалса — дереу демалып, су ішіп, қажет болған жағдайда дәрігерге жүгініңіз.
Қорытынды
«Жүктілік — ауру емес, бірақ ерекше жағдай. Сондықтан өзіңізге мұқият болу керек. Ыстық күндері бұл аса маңызды. Ағзаңыздың белгілеріне құлақ түріңіз, күн тәртібін сақтаңыз және дәрігерден кеңес алудан қорықпаңыз — бұл сіздің және болашақ сәбиіңіздің денсаулығын сақтауға көмектеседі», — деп қорытындылады Дмитрий Эзау.