Алматылықтар 17 наурызда Шаңырақ күнін атап өтті. Ал кез-келген шаңырақтың сәні, мәні, базары – бала. Алматының №4 қалалық перзентханасының ұжымы бүгін босанған он анаға және құндақтаулы нәрестелеріне «Наурыз-базарлық» ұсынды. Он нәрестенің төртеуі ұл, алтауы қыз.
– Бала – адам өміріндегі ең үлкен бақыт қой. Бұл менің екінші сәбиім. Тұңғышымыз – қыз, ол бүлдіршінімді де осы перзентханада босанғанмын. Төрт жылдан соң, міне, ұл сүйдік. Шаңырағымызды қуанышқа кенелтіп, көктем-көңіл сыйлаған бөбегіміз елдің азаматы болсын деймін. Перзентхана ұжымына алғыс айтамын. Менің балам да болашақта қолы ашық, жомарт, ел-жұртқа қарайласып жүретін қайырымды болсын деген аналық тілегім бар, – дейді қол-аяғын аман-есен бауырына алған алматылық Арайлым Төкешева.
Тәтті ұйқыда жатқан бөбегін құшақтап отырған бақытты аналарға перзентхананың бас акушері Сәуле Советқызы ізгі лебізін жеткізіп, шаңырақ шаттығын тіледі.
Былтыр №4 қалалық перзентханада 5136 бала дүниеге келген болатын. Ал осы жылдың басынан бері 930 сәби өмір есігін ашты.